ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 29 жыл толды. Қазақстан мемлекетінің рәміздері – Жалау мен Елтаңба жапсырылған әуе кемелерінің әлем аспанында қалықтап жүргеніне де сонша уақыт болды.

Келесі 2021 жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Ал Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежай 90 жылдық тарихын атап өтеді. Кішігірім ұшақтарға қызмет көрсету үшін 1931 жылы негізі қаланған шағын алаң, қазіргі уақытта Еуразия құрлығындағы заманауи әуежайлардың біріне айналды. Әуежайда күн сайын алыс және жақын шетел аймақтарына ұшатын жүздеген ұшаққа қызмет көрсетіледі.

Әуежай ондаған авиакомпанияға қызмет көрсетеді. Олар: «Эйр Астана», «СКАТ», «Жетісу», «Қазақ Эйр», «FlyArystan», «Аэрофлот», «Люфтганза», «Этихад Эйруэйс», «Флайдубай», «Тюркиш Эйрлайнз», «Аэросвит», «Узбекистон Хаво Йуллари», «Белавиа», «Украина халықаралық авиажелілері», «Чайна Саузен Эйрлайнз», «Эйр Арабиа», «Ресей», «КЛМ» және басқалар. Жыл сайын жаңа бағыттар ашылуда.

Нұр-Сұлтан әуежайынан Қазақстан Республикасының барлық облыс орталықтарына, сондай-ақ Мәскеу, Ташкент, Омбы, Санкт–Петербург, Красноярск, Киев, Минск, Екатеринбург, Баку, Новосибирск қалаларына тұрақты рейстер ұшады. Сондай-ақ алыс шетелдің: Франкфурт, Әбу-Даби, Ыстамбұл, Бейжің, Анталья, Үрімші, Шарджа, Лондон, Бангкок қалаларына дейін рейстер ұшады.

Әлемде тоғызыншы орын алатын жеріміз бар. Халқының саны жөнінен жетпіс төртінші орындамыз. БҰҰ ресми мойындалған 196 мемлекет бар. Әлемде жеті мыңға жуық ұлт бар. Бізге демографиялық өсім мен денсаулығы мықты ұрпақ керек. Елбасының Жолдауында айтылған «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген пікір күн тәртібінен түспеуі керек.

Қазақстан Республикасының әуе кемелері әлемнің төрт бұрышына самғауы керек. Оқу-білім, ғылым іздеген, спорт пен мәдениет сайысына ұмтылған мыңдаған ұл-қыздарымыз заманауи, қауіпсіз, жолаушылар үшін өте ыңғайлы әуежайдан аттанып, жеңіспен және сүйінші жаңалықтармен елге оралуы керек. Міне, мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болып отыр. Береке-бірлігі мен ынтымағы жарасқан әуежайдың үлкен ұжымының атынан баршаңызды ҚР Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елмен бірге өсіп-өнеміз, елмен бірге көркейеміз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай.

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы
басқарма төрағасы
Ғабит Қалиұлы Тәжімұратов



Пайдалы ақпарат

  • Wi-Fi әуежайда

    Тегін интернетті пайдаланыңыз

    Толығырақ

  • Тексеруден өту қағидалары

    Тексеруден өту қағидаларымен танысыңыз

    Толығырақ