Рейсті кейінге қалдыратын ТОП 3 себеп

Барлық жаңалықтар

2023-12-16

Рейсті кейінге қалдыратын ТОП 3 себеп

11-15 желтоқсан аралығында Астана халықаралық әуежайынан ішкі және халықаралық бағыттарда 341 рейс орындау жоспарланған. Осы аптада елордада қолайсыз ауа райы орнап, термометр бағаны – 30 (желдің әсерімен -44) көрсетті. Салдарынан жоспарланған рейстің 152-сі түрлі себептермен кешіктірілді.

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі статистикалық ақпаратты қолдана отырып, рейстерді кейінге қалдырған ТОП 3 себебін анықтады.

1 себеп: Ұшақтың Астана халықаралық әуежайына кеш келуі. Осындай себеппен 5 күн ішінде 96 рейс кешіккен. Яғни әуе компанияларының ұшақтары Астанадан белгілеген бағытқа ұшпас бұрын, онан алдыңғы рейстен кеш келеді де, ұшақты қайта жарақтау, тазалау, жанар-жағармай құюға біраз уақыт жұмсап, белгіленген уақытта ұшуға үлгермей жатады.

2 себеп: Ұшақты қардан не мұздан тазарту, мұзға қарсы сұйықтықпен өңдеуге ұзақ уақыт қажет болғандықтан 17 рейстің уақыты өзгерген. Астана халықаралық әуежайында мұзға қарсы сұйықтықтың 2 түрі қолданылады. Біріншісі – Type-I Clariant Octaflo LYOD, 70/30%, - 43` С дейін қолданылады. Екіншісі – Type-IV Clariant Max Flight Avia, 100%, -28`С дейінгі ауа температурасында қолданылады. Астана халықаралық әуежайында өткен 5 күн ішінде бірінші типтегі сұйықтықтың 10 мыңға жуық литрі, екінші типтегі сұйықтықтың 900 литрі ұшақты қар мен мұздан тазалау үшін қолданылған.

3 себеп: Қолайсыз ауа-райы. 11-15 желтоқсан аралығында ауа райы қолайсыз болып, елорда әуежайындағы 12 рейс кешіктірілген.

Рейстердің кейінге қалдырылуына не кешігуіне себеп болатын жағдайлар сан түрлі. Мәселен 5 күн ішінде 10 рейс ұшақтағы түрлі ақауға байланысты кешіккен. Көп жағдайда ұшақтардың қозғалтқыштары дер кезінде іске қосылмай қалған.

Бұл тізімге рейске белгіленген ұшақтың ауысуы, экипаж мүшелерінің толық болмауы, жолаушыларды отырғызу кезінде қайта түгендеу, тізімді нақытау сияқты өзге де себептерді қосуға болады.

Астана – Ұлан Батордан кейінгі әлемдегі ең суық астана болып есептеледі. Сондықтан қолайсыз ауа-райында рейстердің кешігуі орын алады. Алайда барлық жолаушы ҚР "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-бабында тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі негізінде өзіне тиесілі қызметтерді толығымен алуға құқылы.

Қолайсыз ауа-райы кезінде авиация саласының қиыншылығы мен жауапкершілігіне түсіністікпен қарап, әуежай қызметкерлерінің қызметіне қолдау білдірген әр жолаушыға алғысымызды білдіреміз.

Сондай-ақ Астана халықаралық әуежайы 2016 жылдың 25 қаңтарынан бері «тыныш әуежай» режимінде жұмыс істейді. Яғни рейске тіркеу, отырғызу басталғаны я аяқталғаны, рейстердің кешігу туралы ақпараттар тек қана ақпараттық таблода жазбаша түрде ұсынылады. Сондықтан жолаушылардан рейсі туралы ақпаратты таблодан мұқият қарауын сұраймыз. Өзге жағдайда Астана халықаралық әуежайының тәулік бойы қызмет ететін байланыс орталығына хабарласуға болады +7 7172 702-999.

 

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі

Пайдалы ақпарат

  • Wi-Fi әуежайда

    Тегін интернетті пайдаланыңыз

    Толығырақ

  • Тексеруден өту қағидалары

    Тексеруден өту қағидаларымен танысыңыз

    Толығырақ