NQZ баспасөз қызметі әуежайларда кей жағдайда не себепті аяқ киімді шешу қажеттілігі туындайтынын түсіндірді

Барлық жаңалықтар

2023-03-14

NQZ баспасөз қызметі әуежайларда кей жағдайда не себепті аяқ киімді шешу қажеттілігі туындайтынын түсіндірді

Астана әуежайында жолаушыларды тексеру кезінде тек кейбір жолаушылардан ғана аяқ киімді шешу талап етілетінін айтып берді.
​Әуе көлігінің ерекшеліктеріне байланысты жолаушылар авиатасымалдарында қауіпсіздік мәселелеріне басым назар аударылады. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті іс-шаралар кешені бірінші кезекте экипаж бен жолаушыларға қатер немесе зорлық-зомбылық құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін тыйым салынған заттары бар адамдардың бортқа кіру әрекеттерін болдырмауға бағытталған.
​Жалпы, жолаушылардың басым бөлігі қылмыстық ниеті бар адамдарды анықтауға бағытталған ұшу алдындағы тексеру процедурасына түсіністікпен қарайды. Дей тұрғанмен, кейбір азаматтар өзін-өзі мұқият тексеруге жол бермей, бұл әрекетті артық деп санайды.
​Әлемдік тәжірибеде жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жолаушыларды, қол жүгі мен багажды іріктеп тексеру әдісі қолданылады.
​Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік қағидалары әрбір рейс жолаушыларының жалпы санының кемінде 10 пайызын мұқият қарап шығуды талап етеді. Іріктеп тексеру және кездейсоқ тексеру рәсімдері ICAO халықаралық қауіпсіздік стандарттарында да қарастырылғанын айта кеткен жөн.
​Сондықтан бүкіл әлемдегі әуежайлар жолаушылардың 10%-ын автоматты түрде және кездейсоқ түрде анықтайтын рандомайзер функциясы бар доғалы металл детекторларымен жабдықталған. Мәселен, Астана әуежайында рандомайзерлер 2015 жылдан бері қолданылып келеді.
​«Егер тексеру кезінде құрылғы белгі берсе, жолаушы рентген-теледидар қондырғысы арқылы жеке тексеру үшін аяқ киімін шешіп (құрамында металл заттар болмаса да), тексеруден өтуі керек. Сонымен қатар тексеру қызметкерлері бұл жолаушының қол жүгін мұқият тексеруге міндетті», деді авиациялық қауіпсіздік қызметінің тексеру бөлімшесі бастығының орынбасары Абылай Саргозов.
​Мұқият тексеру қасақана жасалатын рәсім емес, керісінше жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қарастырылған шаралар. Сондықтан жолаушылар асқан түсіністік танытып, тексерумен айналысатын инспекторлардың заңды талаптарын орындауы керек.
​Сондай-ақ тексеруден жалтарған жолаушылар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес тасымалдауға жіберілмейді.

Пайдалы ақпарат

  • Wi-Fi әуежайда

    Тегін интернетті пайдаланыңыз

    Толығырақ

  • Тексеруден өту қағидалары

    Тексеруден өту қағидаларымен танысыңыз

    Толығырақ