Астана халықаралық әуежайы: цифрлар, фактілер, даму динамикасы
Авиация – бұл технологияның, дәлдіктің және адам еңбегінің синергиясы. Әрбір рейс, әрбір сәтті орындалған рейс – көзден таса болса да, мыңдаған маманның үйлесімді жұмысынсыз мүмкін болмайтын нәтиже. Астана халықаралық әуежайы – еліміздің әуе қозғалысының жүрегі, мұнда қауіпсіздік, жайлылық және тиімділік бірінші орында.
Авиация күні қарсаңында біз әуе қатынасын ыңғайлы әрі сенімді ететін жандар, сайрап тұрған сандар және жаңа көкжиектерді жақын ететін әуежайдың дамуы жайлы айтқымыз келеді.
2000 маман: тәулік бойы жұмыс істейтін команда
Астана халықаралық әуежайы – жолаушылардың әуедегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан 2000-нан астам жұмыскері бар ұжым. Авиациялық қауіпсіздік қызметі тәулік бойы әуежайдағы жағдайды қадағалап, әрбір жүкті мұқият тексеріп, әуе кемесіне кіру мүмкіндігін қауіпсіз етеді, кинологтар ықтимал қауіптердің алдын алады. Жер үсті қызметтері әуе кемелерін ұшуға дайындап, мұзға қарсы өңдеуді жүргізеді және әуе кемесінің ауадағы тұрақтылығына әсер ететін багаж балансын бақылайды. Диспетчерлер мен рамп-агенттер әуе кемелерінің жердегі нақты қозғалысын қамтамасыз етеді, ал өрт сөндіру қызметі төтенше жағдай кезінде дереу әрекет ету үшін әрдайым дайын.
Әуежай жұмыскерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында 2024 жылы 107 тыйым салынған зат және тасымалдауға шектеу қойылған 27 552 зат анықталды. Кинологтар мен қызметтік иттер қауіп-қатердің алдын алатын және ұшу қауіпсіздігін қатаң бақылайтын «көзге түспейтін» нағыз сақшылар. Елорда әуежайының ерекше қажеттіліктері бар жолаушылары әрқашан назарда. Биыл Астана әуежайы мүмкіндігі шектеулі 31 019 жолаушыға қызмет көрсетіп, олардың жайлы әрі кедергісіз қозғалысы үшін еңбек етті.
Айтарлықтай өсім мен масштаб
Астана халықаралық әуежайында жолаушылар ағыны тұрақты артуда. 2024 жылы елорда әуежайында 8 315 108 жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық көрсеткіш. Ішкі әуе қатынасы 9 пайызға, халықаралық - 16 пайызға өсті.
Саяхаттау ыңғайлырақ болып, бағыттардың саны кеңейе түсті.
Әуежайда рейстер жиілігін арттыру және ұшу географиясын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы Еуропаға, Таяу Шығысқа, Оңтүстік-Шығыс Азияға және ТМД елдеріне әуе рейстері қайта жанданды. Әлемнің ірі қалаларына, соның ішінде Абу-Даби, Сеул, Тбилиси, Прага, Санкт-Петербургке, сондай-ақ Камрань, Бодрум және Пхукет сияқты танымал туристік бағыттарға ұшу жиілігі ұлғайтылды.
2024 жылы алғаш рет Душанбе, Фукуок, Пхукет және Милан қалаларына рейстер ашылды.
Бұл өсім Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға, әуежайдың халықаралық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.
Жүк тасымалы: жаңа рекордтар
Әуе логистикасы әуежай қызметінің маңызды бөлігіне айналып келе жатыр. Жыл ішінде 12 470 824 келі жүк пен пошта өңделді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға артық. Бұл ретте халықаралық жүк тасымалы 78%-ға өсті, бұл жаһандық логистикада әуежай беделінің көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Заманауи инфрақұрылым – жаңа мүмкіндіктер
Елорда әуежайы ұшу қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге тағы бір қадам жасады. Астана әуежайында халықаралық стандарттарға толық сай келетін ұшақтарды эвакуациялауға арналған заманауи құрал-жабдықтар ұсынылды. Аталмыш техника кез келген ұшақпен, соның ішінде ең ірі Airbus A350 және Boeing 747-8 ұшақтарымен жұмыс істеуге қабілетті.
Сонымен қатар, әуежай өрт сөндіру көліктерінің әлемдегі ең озық үлгілерінің бірі – Rosenbauer Panther 6x6 елімізде бірінші болып Астана халықаралық әуежайында пайда болды. Ол Австриядағы Rosenbauer International AG зауытында өндірілген және ең жоғары қауіпсіздік талаптарына жауап береді. Бұл оқиға орнына тез жетіп, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ете алатын бірегей техника.
Rosenbauer Panther 6x6 көлігі небәрі 30 секундта 80 км/сағ жылдамдыққа жетеді, бұл төтенше жағдай аймағына қысқа мерзімде жетуге мүмкіндік береді. Ең жоғары жылдамдығы 115 км/сағ, бұл оны өз класындағы ең жылдам көліктердің бірі етеді. Өрт сөндіру көлігінің арнайы дизайны 50%-ға дейінгі еңістерді еңсеріп, 30 градусқа дейінгі бүйірлік еңістерге төтеп бере отырып, тіпті қиын жерлерде де сенімді қозғалуға мүмкіндік береді.
Өрт сөндіру үшін Rosenbauer Panther 12500 литрлік су ыдысымен, 1500 литрлік көбікті резервуармен және 250 кг ұнтақпен сөндіру жүйесімен жабдықталған. Сорғы минутына 9 000 литрге дейін су береді, ал ағынның диапазоны 100 метрге жетеді. Осының барлығы өрттерді мүмкіндігінше тезірек оқшаулауға және ықтимал зардаптарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әуежайдың апаттық-құтқару қызметінің жұмыскерлері әуе кемелеріндегі өрттерді сөндірудің түрлі сценарийлерін жаттықтыра отырып, арнайы дайындықтан өтті. Мұндай технологияны енгізу әуежайға ұшу қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.
Болашақ жаңа сапа стандарттарының еншісінде
2025 жылдың қаңтарында Астана қаласының әкімдігі мен «Terminals Astana Airport Management» ЖШС арасында жаңа сенімгерлік басқару шарты жасалды. Қазіргі уақытта инвестор мен қазақстандық тарап арасында ұзақ мерзімді инвестициялық келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде инвестор жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, қолданыстағы ұшу-қону жолағын қайта құруды, екінші ұшу-қону жолағын салуды, терминалдарды кеңейтуді және жаңа терминал салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ инвестор әуежайдың қазіргі инфрақұрылымымен жұмыс істеп, авиакомпанияларды көбірек тарттырып, маршруттар желісін кеңейтеді, сондай-ақ жолаушылар ағынын арттыру бойынша жұмыстар жүргізеді.
Авиация күні – елдер мен жүректерді тоғыстыратын жандардың мерекесі
Астана халықаралық әуежайында жұмыс істейтін мыңдаған маманның жұмысы жолаушыларға көрінбесе де сапардың сәтті орындалуына мүмкіндік береді.
Өмірін авиациямен байланыстырған барша жанды құттықтаймыз! Аспан ашық, әрбір рейс сәтті болсын!
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ (бұдан әрі - Қоғам) Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 63-бабына сәйкес, жоланымға қойылатын жалпы талаптар бар екенін хабарлайды:
Өз кезегінде, Кодекстің 64-бабының 4-тармағына сәйкес жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
Осыған байланысты, Сіздің жолданымыңызды Қоғамның қабылдауы, тіркеуі және қарауы үшін оны төменде көрсетілген әдістердің бірімен беру қажет: